Петропавл қаласындағы Жамбыл көшесі бойындағы гараж кооперативтерінің маңында заңсыз орнатылған темір гараждарды жою жұмыстары біраз уақыттан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік меншік жерінде бір ғана гараж қалған болатын. Оның иесін анықтау мүмкін болмады. Гараж қақпасына жерді мемлекеттік меншік құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы ескерту ілінгенімен, иесі келген жоқ.
Бұл мәселеге облыс орталығының абаттандыруына ерекше көңіл бөліп жүрген белсенді блогер, қала тұрғыны Малик Шигабутдинов назар аударды. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, гаражды эвакуациялап, арнайы айыптұраққа жеткізді.
«Учаске» іс-шарасы 1 қыркүйекте басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады. Тәртіп сақшылары үйлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесіп, заңбұзушылық фактілері туралы өз учаскелік инспекторына немесе «102» арнасына хабарлауды сұрайды. «Заң және Тәртіп» идеологиясын нығайту қоғамның барлық буынының белсенді қатысуы мен бейжай қарамауына тікелей байланысты.
Төрт күн ішінде полицейлер 1,6 мыңнан астам есептегі тұлғаны тексеріп, 18 қоғамдық орынды ластау дерегін, сондай-ақ 100-ден астам қоғамдық орында мас күйде жүру фактісін анықтады.