СҚО-да полицейлер балабақшаларда жол-көлік жарақаттануының алдын алуда

СҚО-да полицейлер балабақшаларда жол-көлік жарақаттануының алдын алуда

Көрнекі әрі түсінікті болса – демек, тиімді. Петропавл қаласында полицейлер «Балдәурен» балабақшасына барып, бүлдіршіндерді жолда қауіпсіз жүріс-тұрысқа үйретті. Бұл үшін акт залында жол қозғалысы желісінің арнайы макеті, жол белгілері мен сызықтары пайдаланылды. Үлгі көліктердің көмегімен тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерінің негізін түсіндірді. Балалар макетте жаяу жүргіншінің рөлін ойнаса, олардың бірі патрульдік полицейдің формасын киіп, «қозғалысты» реттеді. Сонымен қатар, балалардың қуанышына орай, полицейлер оларды шынайы патрульдік көлікке отырғызды.

Мұндай іс-шаралар 25 тамызда басталып, 10 қыркүйекке дейін жалғасатын «Назар аударыңыз: балалар!» атты акция аясында өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында өткізілуде. Оның басты мақсаты – балалар арасында жол-көлік жарақаттануының алдын алу. Биылғы 7 айда СҚО жолдарында 77 жол апаты тіркеліп, салдарынан 2 бала қаза тауып, 91 бала жарақат алды. Болашақтағы жасөспірімдерді «Заң және Тәртіп» қағидатына құрметпен тәрбиелеу – жол қауіпсіздігінің ең сенімді кепілі.