Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Мемлекеттің басты құжаты – тек Негізгі заң ғана емес, сонымен бірге азаматтардың құқықтарының, соның ішінде ең қымбат құндылық – өмір мен қауіпсіздіктің кепілі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жолдағы қауіпсіздігі ерекше маңызға ие. Биылғы жеті айда СҚО аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 бала қаза тапты, 91-і жарақат алды. Сондықтан полицейлер онлайн-эфирді «Назар аударыңыз: балалар!» акциясына арнады.
Пайдаланушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полицияның тәжірибелі қызметкерлері оқу орындарының маңындағы көше-жол желісінде тексерулер жүргізіліп, анықталған бірқатар олқылықтардың жедел түрде жойылғанын түсіндірді. Қыркүйектің алғашқы күндерінде мектептердің жанында патрульдік нарядтардың кезекшілігі күшейтіледі, бұл жүргізушілердің назарын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары аула аумағында жол ережесін бұзып, балаларға қауіп төндіретін жүргізушілер туралы, сондай-ақ өзге де заң бұзушылықтар жөнінде хабарлауға болатынын еске салды. Ол үшін «102» мобильді қосымшасын, сондай-ақ биылғы жаздан бастап «Egov» пен «Kaspi» қосымшаларында қолжетімді болған «Заң мен тәртіп» арнайы бөлімін пайдалануға болады.
Полицейлер ата-аналарға балаларымен үнемі әңгімелесіп, жол бойында ойнауға болмайтынын ескертіп, көшені кесіп өткенде құлаққап пен көруді шектейтін капюшонды пайдаланбауды үйрету қажеттігін айтты. Құқық қорғаушылардың басты кеңесі – балаларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыстың үлгісін көрсету.