«Жас сақшы» жасөспірімдерімен флеш-мобты полицейлер гарнизондық сапта өткізді

«Жас сақшы» жасөспірімдерімен флеш-мобты полицейлер гарнизондық сапта өткізді

Петропавлда полицияның кешенді күштері саптық қарауын өткізді. Оған IT-мектеп-лицейдің «полиция сыныбының» оқушылары қатысып, «Жас сақшы» жасақтарымен бірге флеш-моб ұйымдастырды. Іс-шара Тәуелсіз Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналды. Жастар ардагерлермен жүздесіп, Елдің Негізгі Заңына құрмет көрсетті.

Мерекелік саптық қарауды Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов жүргізді. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді, оның ішінде мерзімді қызмет өткеріп жүргендерді де алғыс хаттармен марапаттады.

Айдын Қабдұлдинов жеке құрамға және қосымша күштерге Конституция күні қарсаңында құқық қорғау органдары күшейтілген режимде қызмет атқаратынын еске салды. Күн сайын 500-ден астам полицей солтүстікқазақстандықтар мен өңір қонақтарының қауіпсіздігін күзетеді.

«Сіздердің әр іс-әрекеттеріңіз тұрғындардың өтініштері мен шақыруларына дер кезінде әрекет етуді қамтамасыз етеді. Қала тұрғындары полицияға сеніп, тыныштық пен тәртіптің сақталатынына көз жеткізуі тиіс. Қызмет атқаруда қырағылық пен мұқияттылық танытып, басты қағидаттарға — «Заң және Тәртіпке», сондай-ақ кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімсіздікке қатаң сүйенуді тапсырамын», — деді департамент бастығы.

Сап аяқталған соң, полицейлер мен әскери қызметшілер оркестр әуенімен салтанатты саппен жүріп өтіп, облыс орталығының көшелерінде қызметке кірісті. Полиция күшейтілген қызмет режиміне көшті. Басты мақсат — мереке қарсаңында және мереке күні тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын барынша қамтамасыз ету.