Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жылдамдықты арттыру салдарынан орын алады. Бұл – полицейлер тұрақты жүргізіп отыратын апаттылықты талдау қорытындысы. Құқық қорғау органдары жол апатының алдын алудың жаңа тәсілдерін іздестіруде. Олар республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпті тұстарында: бұрылыстарда, орман алқабы жолға тым жақын орналасқан жерлерде жүргізушілерге ескерту жасауда.
Осындай учаскелердің бірі – Аққайың ауданының Астраханка ауылы маңында. Мұнда «Астана – Петропавл» автожолының 439 шақырымында жуырда болған апат салдарынан екі адам қаза тапты. Полицейлер жүргізушілерге парақшалар таратып, жылдамдықты сақтау, қашықтықты ұстану, шаршаған күйде көлік жүргізбеу және қарсы жолаққа шықпау қажеттігін еске салды.
«Бұл жұмыс 20 тамызда басталған облыстық жедел-алдын алу іс-шарасы – «Қауіпсіз жол» аясында жүргізілуде», – деді СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов. – «Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тек қана жазалау шараларымен шектелмей, жүргізушілердің санасына ықпал етудің барлық тәсілін қолдануда. Маңыздысы – жол қауіпсіздігінің сенімді негізі тек жүргізуші тәртібінде екенін ұғыну».
Жыл басынан бері СҚО-да 308 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тапты, 419 адам жарақат алды. Ең ауыр салдары республикалық маңызы бар автожолдарда байқалды: 60 апатта 15 адам көз жұмып, 100-і жарақаттанды. Полицейлер жұмысты күшейтіп, жасырын патрульдеу әдісін енгізуде, квадрокоптерлерді пайдалануда. Барлық бұл шаралар – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын нығайту мақсатында атқарылуда.