«Сіздің атыңызға сәлемдеме келді. Аласыз ба?» — осындай сөздерді солтүстікқазақстандықтар жиі естиді, бейтаныс нөмірден қоңырау қабылдаған кезде. Қоңырау шалған адам сендіру үшін аты-жөніңізді атап, жеке деректеріңізді айтуы мүмкін. Дегенмен, мұндай қоңырауларға сенуге болмайды: бұл — соңғы уақытта кең тараған алдау тәсілдерінің бірі.
Интернет-алаяқтар «сәлемдемені» міндетті түрде алуыңыз керектігін айтып, оны сақтағаны үшін күн сайын ақы талап ететіндерін ескертеді. Адам келіссе де, бас тартса да, одан SMS арқылы келген кодты айтуын сұрайды — бұл алаяқтықтың айқын белгісі.
Кейін «банктен қоңырау» түсуі мүмкін: «Сіз жаңа ғана SMS-тен келген төрт таңбалы растау кодын айттыңыз ба? Енді алаяқтар атыңызға несие рәсімдеуде. Бұған жол бермеу үшін, өзіңіз де дәл сондай сомада «айна» несие рәсімдеп, ақшаны «қауіпсіз» шотқа салыңыз, сонда алғашқы өтінім жойылады…». Егер адам сеніп, мұны істесе, қаражат киберқылмыскерлердің қалтасына түседі.
СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, «банктен қоңыраулар» интернет-алаяқтық фактілерінің жартысынан астамын құрайды. Ал олардың шамамен жартысы «поштадан қоңырау шалудан» басталады.
Полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын қырағы болуға шақырады. Ресми ұйымдардың өкілдері ешқашан құпия деректерді, әсіресе телефон арқылы сұрамайды және қаржылық операциялар жасауға мәжбүрлемейді.