Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында мал қатысқан 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 9 адам жарақат алған. Бұл – қауіпті мәселе, оны шешу үшін полиция жергілікті билік және тұрғындармен бірлесе кешенді профилактикалық жұмыс жүргізуде. Полиция қызметкерлері мал жаюды бақылау бойынша тұрақты рейдтер ұйымдастырады. «Қауіпсіз жайылым» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауылдық округтерге шығып, мал иелерімен әңгімелеседі, заңнама нормаларын түсіндіреді, құқықбұзушылықтарды анықтап, хаттама толтырады.
Облыстағы ең қауіпті учаскелердің бірі — Аққайың ауданындағы Рублевка мен Аралағаш ауылдарының арасындағы «Астана – Петропавл» республикалық автожолының бөлігі. Өткен жылдары мұнда мал қатысқан жол апаттары жиі болған. Бұл жерде тәулігіне ондаған мың автокөлік қатынайды. Сондықтан полиция мен ауыл тұрғындарының бірлескен еңбегі мұнда айрықша нәтиже беріп отыр. Малдың бақылаусыз жолға шығуына жол бермеу үшін жайылым маңына инновациялық құрылғы — «Электрбақташы» орнатылды. Бұл арнайы қоршау қауіпсіз электр импульстері арқылы жануарларды жайылым аумағында ұстап тұрады.
Полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, майор Әсет Ризахановтың айтуынша, олардың округінде ғана жыл басынан бері мал жаю ережесін бұзғаны үшін 20-дан астам, ал егістікке түсіп кеткені үшін 3 әкімшілік хаттама толтырылған. Ол айыппұл салу – негізгі мақсат емес екенін, басты міндет – тұрғындар арасында құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру екенін атап өтті.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары уақыт сынынан өткен өзге де әдістерді қолданады. Мысалы, ықтимал қауіпті жол учаскелерінің жиегіне арнайы жануарлардың макеттері қойылады. Бұл жүргізушілердің назарын аударып, жылдамдықты төмендетуге ықпал етеді. Мұндай макеттер өңірдің барлық аумағында орнатылған.
Полиция ескертеді: мал жаю ережесін бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бақылаусыз жайылым айыппұлмен ғана шектелмей, ауыр жол апаттарына да себеп болуы мүмкін.
Қауіпсіз ортаны қалыптастыру және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын нығайту жұмыстары облыстың барлық аумағында, полиция, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындардың белсенді қатысуымен жүргізілуде.