Қызылжар ауданының қала маңы Бескөл ауылында жаңа заманауи жедел басқару орталығы іске қосылды. Қызу қозғалысқа толы трасса, тұрғындар мен келушілердің көптігі – аудандық полицияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы техникалық жабдықтармен және байланыс құралдарымен күшейтілді.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов және басқа да басшылардың қатысуымен техника көрмесі өткізіліп, одан кейін орталықтың ресми ашылуы болды.
Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімінде бейнебақылау инспекторларына арналған үш жұмыс орны бар бейнестена, сондай-ақ жаңа серверлік жабдық орнатылды. Оған 5 жылдамдық өлшегіш және 72 бейнекамера қосылған.
Сонымен қатар, Бескөлде бұрын орнатылған 145 көше бейнекамерасы да жүйеге біріктірілді. Жақын уақытта Қызылжар ауданы бойынша барлық бейнекамераны – 600-ден астам құрылғыны – қосу жоспарлануда. Камералар қиылыстарды, сауда нысандарын, мектепке дейінгі және білім беру мекемелерін қамтиды. Биылғы жеті айда бейнебақылау арқылы Бескөлде 650-ден астам құқықбұзушылық анықталды.
Барлық жұмыс орындарына ведомстволық деректер базасы орнатылып, 8 цифрлық және 20 аналогтық нөмірге арналған автоматты телефон станциясы жұмыс істейді. «Аялы қадам» қағидаты бойынша тәртіп сақшылары «102» мобильдік қосымшасы арқылы шағым қабылдауды енгізді. Ол полицияға қоңырау шалумен қатар, мәтіндік және дыбыстық хабарламалар, фото және бейнематериалдар жіберуге мүмкіндік береді.
Заманауи техника полицияға негізгі міндеттерге – құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қорғауға, «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қылмыспен күреске – шоғырлануға жол ашады.