Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар бес адам ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы  бар бес адам ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Булаев қаласында полицейлер ҚР Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен прокуратураның үйлестіруімен 19 бен 24 жас аралығындағы облыс тұрғындарын ұстады.

Тергеу деректері бойынша, Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны халықаралық интернет-алаяқтық желісіне кіретін ұйымдасқан қылмыстық топты құрды деген күдікке ілінді. Ол төрт адамның жұмысын үйлестірген, ал олар өз кезегінде қылмыстық жолмен табылған қаражатты аудару және қолма-қол алу үшін өздерінің банк шоттары мен карталарын пайдаланатын адамдарды ұйымдастырған.

Бүгінгі таңда ұсталғандардың еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жасалған сегіз интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Аталған фактілер бойынша келтірілген жалпы залал 38,5 миллион теңгені құрайды.

— Олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, — деді СҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әльнұр Ахмедьяров. — Интернет-алаяқтықпен күрес — «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.