СҚО-да демалыста жүрген полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарды

СҚО-да демалыста жүрген полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарды

Шілде айында полиция майоры Ерлан Қазиев еңбек демалысында болды. Ыстық күндердің бірінде ол Новоишимское ауылындағы жағажайда демалып жатқанда, көмек сұраған дауысты естіді. Су ішінде әке мен бала батып бара жатты. Ерлан дереу әрекет етіп, мектеп жасындағы баланы судан алып шықты, кейін орта жастағы ер адамның жағаға жетуіне көмектесті.

Бұл оқиға жайлы кездейсоқ әңгімеден ғана белгілі болды — Ерланның өзі бұл туралы сөз қозғамаған.

Ерлан Қазиев Ғ. Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының аға инспекторы болып қызмет атқарады.

Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы полиция қызметкерлерінің саптық, атыс даярлығына, дағдарыс жағдайларында - соның ішінде Ерланның өзі тап болған ұқсас жағдайда әрекет етуге үйретеді.