СКО-да демалыс күндері 800-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды

СКО-да демалыс күндері 800-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды

«Қала аумағында жасырын патрульдеу жүргізілуде. Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар, жолда мұқият болыңыздар», – деп патрульдік полицейлер жүргізушілерге үн қатады. Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр.

Полицейлер әртүрлі әдістерді қолданады: жүргізушілермен әңгімелесу, жасырын патрульдеу, квадрокоптер арқылы бақылау. Петропавлға кіреберістегі қала сырты жолдарында тәртіп сақшылары жолдың жүру бөлігін тарылту тәсілін де пайдаланады. Бұл жүргізушілердің назарын күшейтуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, автожанармай бекеттерінде де жүргізушілермен тілдесіп, жолдағы жағдайды, көліктің техникалық күйін, жүргізушілердің өз денсаулығын сұрайды. Жедел-алдын алу іс-шарасының мақсаты – заң бұзғаны үшін жазалау емес, оны болдырмау және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту.

Жеті айда СҚО жолдарында 308 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тапты, 419 адам жарақат алды. СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, тек демалыс күндері өңірде 800-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталып, 16 мас жүргізуші ұсталды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, апаттылықты азайту – барлық жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл қоғамда нығайтылып жатқан «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасында көрініс тапқан.