Петропавл қаласында полицейлер қала тұрғыны тауып алған травматикалық тапаншаға ұқсас затты тәркіледі. 35 жастағы ер адам велосипедпен Жұмысшы кентіндегі айналма жолдан өтіп бара жатқан кезде жолдың жиегінен тауып алған. Ол Қазақстан Конституциясы көшесіне шығып, кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкерлерін көріп, табылған зат туралы дереу хабарлаған.
Полицейлер бірден жедел-тергеу тобын шақырды. Арнайы топ қауіпті затты тәркілеп, сараптамаға жіберді.
Криминалистер бұл зауыт нөмірлері өшірілген, атысқа жарамды «Оса» маркалы травматикалық тапанша екенін растады. Барлық тексерулер аяқталған соң, қару жойылуға жіберіледі.
Құқық қорғау органдары азаматтың әрекетін дұрыс бағалады. Егер қаруға ұқсас заттар табылса, дереу полицияға хабарлау қажет. Қаруды заңсыз сатып алу және сақтау қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Жыл басынан бері СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 109 тіркелмеген қаруды тәркіледі. Барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Бұған қоса, 22 адам заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырды. Бұл — жауапкершіліктен босататын ғана емес, «Заң және Тәртіп» идеологиясын қоғамда нығайту үшін жасалған дұрыс қадам.