Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтарына адам саудасының алдын алу, құлдықтан құтқару жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ақпараттық акция 30 шілде – Адам саудасына қарсы күрестің дүниежүзілік күніне орай ұйымдастырылды. Қаланың жаяу жүргіншілерге арналған Конституция көшесінде полицейлер ақпараттық баннерлер орнатып, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратты.
Адам саудасы – бұл адамдарды қорқыту, күш көрсету, ұрлау, алдау, билігін асыра пайдалану, әлсіз жағдайын теріс пайдалану немесе сатып алу арқылы оларды азапты еңбекке, жыныстық қанауға, құлдыққа, мәжбүрлі қызметке, ішкі ағзаларын алуға пайдалану мақсатында жалдау, тасымалдау, жасыру және қабылдау әрекеті.
Эксплуатацияның түрлері әртүрлі: жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, құлдық, еріксіз жұмыс, органдарды алу сынды әрекеттерге алып келеді.
Көп жағдайда қылмыскерлер адамдарды жоғары жалақы мен жақсы жұмыс ұсына отырып арбайды. Полицейлер азаматтарды абай болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, жеке құжаттарын бөтен адамдарға бермеуге шақырады.
Адам саудасына қатысты кез келген ақпаратты «116-16» жедел желісіне немесе «102» арнасына хабарлауға болады.