СҚО-да полицейлер ІІМ Кеңесшілер кеңесінің мүшесі Александр Саванковпен кездесті

СҚО-да полицейлер ІІМ Кеңесшілер кеңесінің мүшесі  Александр Саванковпен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, ІІМ Кеңесшілер кеңесінің мүшесі, полиция полковнигі (зейнеттегі) Александр Саванков келді. Айта кету керек, ол 2006–2008 жылдары СҚО ІІД-ні басқарған болатын.

Сапар полиция департаментінің музейіне экскурсиядан басталды. Бұл – ІІМ жүйесіндегі үздік ведомстволық музейлердің бірі. Сонымен қатар елордалық қонақ Петропавлда 2007 жылы ашылған жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.

ПД бастығы Айдын Қабдұлдиновтың төрағалығымен өткен ішкі істер органдары ардагерлерімен кездесуде Александр Саванков тәлімгерлік институтының маңыздылығын атап өтті. Ол тәжірибелі тергеушілердің кезінде өзіне көрсеткен қолдауын жылы еске алып, қазіргі полицияда бұл тәжірибе жүйелі түрде енгізілгенін айтты. Сондай-ақ ардагерлердің жинақтаған мол тәжірибесі полиция қызметін жетілдіру бағытындағы ұсыныстарды әзірлеуде де маңызды екенін жеткізді.

СҚО ПД Кеңесшілер кеңесінің төрағасы Кәпез Дәулетбаев атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, кеңестің бастамасымен өңірде полиция қызметкерлерінің жастармен кәсіби бағыттағы кездесулері жарқын әрі мазмұнды іс-шараларға айналғанын айтты. Кеңестің бастамасымен Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің жастармен кәсіптік бағдар беру кездесулері арнайы жылдам әрекет ету жасағы мен кинологтардың көрсетілімдерімен, полицияның арнайы жабдықтарының көрмелерімен есте қаларлық іс-шараларға айналды, - деп атап өтті.

Кеңесшілер кеңесінің белсенді қолдауымен Петропавл қаласындағы мектептерде «Жас сақшы» атты екі полиция сыныбы ашылып, онда оқушылар ІІМ оқу орындарына түсуге дайындалуда.

Сапар жас мамандармен кездесумен аяқталды. Қызметке жақында кіріскен мамандарға Александр Саванков үлкендердің үлгісін ұстануға, таңдаған мамандық пен қызметтік антына адал болуға және «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында халық пен мемлекет мүддесіне қызмет етуге шақырды.