СҚО-да полицейлер жүргізушілерге рөлде ұйықтап кетудің қауіптілігі жөнінде ескертуде

СҚО-да полицейлер жүргізушілерге рөлде ұйықтап кетудің қауіптілігі жөнінде ескертуде

Солтүстік Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта республикалық маңызы бар жолдарда 42 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттар салдарынан 11 адам көз жұмып, 76 адам түрлі дене жарақатын алды. Жол апаттарының басты себептерінің бірі - жүргізушілердің шаршауы мен рөлде ұйықтап кетуі.

Жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, кезекті «Рөлде ұйықтау» атты акция өткізді. Түнгі уақытта олар жүргізушілерге жедел жәрдем көлігіне кіріп, қан қысымын тексеруге, салқын сумен сергіп не ыстық шай ішуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, еңбек және демалыс режимін сақтау қажеттілігі ескертілді. Қажет болған жағдайда жүргізушілерге жақын маңдағы кемпингке дейін ілесіп баруға көмектесті.

«Негізгі назар жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілерге аударылды, - дейді СҚО ПД МПС басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлібек Ғабдуллин. - Іс-шаралар «Астана - Петропавл» және «Жезқазған - Петропавл» бағытындағы ең жүктемелі жол учаскелерінде түнгі және таңғы уақыттарда жүргізілді. Өйткені дәл осы сағаттарда рөлде ұйықтап кету қаупі жоғары. Барлық жүргізушілерді өздерінің физикалық жағдайына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз».

Полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру - «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтуде.