Петропавлда полицейлер түтінге толған подъезд тұрғындарына көмек көрсетті

Петропавлда полицейлер түтінге толған подъезд тұрғындарына көмек көрсетті

Патрульдік полиция қызметі – әрдайым дайын болуды талап ететін жауапты жұмыс. Төтенше жағдай кез келген сәтте туындауы мүмкін. Таңғы уақыт болатын. Петропавл қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері орталық бөліктен мас күйдегі ер адамды медициналық куәландыруға жеткізіп келе жатқан. Назарбаев пен Шажимбаев көшелерінің қиылысынан өткен кезде 10 қабатты үйдің жоғарғы қабаттарынан шыққан түтінді байқайды.

Полицейлер дереу «102» арнасы арқылы хабарлап, тұрғындарға көмек көрсетуге асықты. Подъезд ішінде қалың түтін болды. Өрт шыққан пәтердің тұрғындары өз беттерімен шығып үлгерген, ал қалған көршілерді шұғыл эвакуациялауға тура келді. Улы газдан уланбау үшін адамдар дымқыл шүберекпен тыныстауға мәжбүр болды. Өрт сөндіру қызметі жедел жеткенге дейін тәртіп сақшылары қауіп төнген тұрғындарды сыртқа шығарып үлгерді. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ.

Оқиғадан кейін полицияның аға лейтенанты Алмас Жаманбаев, аға сержанттар Магауия Жақсыбаев пен Мұратбек Зейнолла өз міндеттерін атқаруды жалғастырды.