Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ұстау кезінде одан мефедрон мен α-PvP салынған 3 ірі және 2 кіші орама тәркіленді. Бұдан бөлек, тұрғылықты жерінен құрамында α-PvP бар үш «зиплок» пакет (екі грамм) табылды. Алынған «синтетикалық» заттың жалпы салмағы 227 граммды құрады.
Медициналық куәландыру оның психостимуляторлар қолданғанын көрсетті. Күдікті тыйым салынған заттарды пайдаланатынын мойындады.
СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының деректеріне сәйкес, есірткі сатты деген күдікпен ұсталғандардың жартысы – өздері есірткі қолданады. Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 29 адам ұсталды, оның 15-і есірткіге тәуелді.
Полицейлер жастарға «бір рет татып көр» дейтін таныстарынан аулақ жүру қажет екенін еске салады. Мұндай «қызығушылық» қылмыстық әрекетке әуестенуге, ұзақ уақыт бас бостандығынан айырылуға алып келуі мүмкін. Есірткі қылмысына қарсы күрес — «Заң және Тәртіп» қағидасын іске асырудағы ең өзекті бағыттардың бірі.