Әлеуметтік желілердегі cолтүстікқазақстандық пабликтерде полиция қызметкерлері ұлттық музыкалық аспаппен сүйемелдей отырып, қазақтың халық әндерін орындаған бейнеролик тарады. Құқық қорғау органдарының өкілдері Ұлттық домбыра күнін атап осылайша өтті.
Қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен бай мәдени мұрасына құрмет көрсету мақсатында, 29 маусым күні СҚО полиция департаменті мен Петропавл қ. полиция басқармасының қызметкерлері ДП-нің акт залында музыкалық концерт ұйымдастырды. Іс-шараға 30 полиция қызметкері қатысты.
Қатысушылардың басым бөлігі департаменттің мәдени орталығының құрамында, олар кезекшіліктен бос уақыттарында барлық маңызды іс-шараларға белсенді түрде атсалысады. Ал біреулері үшін домбыра – сүйікті хобби. Мысалы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкері, полиция лейтенанты Раушан Баймұқанова әріптестеріне «Көздеріңе ғашықпын» атты әсерлі композицияны орындады.
Мұндай іс-шараларға қатысу жас қызметкерлерді патриоттылыққа тәрбиелеуге ықпал етеді және полиция мен қоғам арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.