Марафон, от шашу және эстрадалық хиттер — СҚО-да полиция қызметкерлері Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні мерекесін ұйымдастырды

Марафон, от шашу және эстрадалық хиттер — СҚО-да полиция қызметкерлері Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні мерекесін ұйымдастырды

Полицейлер 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен Петропавл көшелерінде жаппай жүгіру ұйымдастырды.

Салауатты өмір салтын ұстанатын түрлі жастағы 300-ден астам қалалық 3 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Мәре сызығына алғашқы болып жеткен 50 жеңімпаз үшін СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұтыс лотереясын өткізді. Олар естелік сыйлықтарға ие болды. Барлық қатысушыларға грамоталар мен медальдар табыс етілді. Жарыс облыстық әкімдіктің спорт басқармасы және «Болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Ал, 26 маусымда Петропавлдың басты алаңында мерекелік концерт өтті. Оның ашылуында СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев есірткі қаупімен күресу үшін қоғамды біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Ашық аспан астында қала тұрғындары таңғажайып от шашуды, ЖҚАЖ жауынгерлері мен қызметтік-іздестіру иттерінің түрлі қырларын, жас әртістердің вокалдық нөмірлері мен бишілердің мың бұралған билерін тамашалады. Есірткіге қарсы күреспен айналысатындардың ұдайы түрде өткізетін әсерлі, тартымды іс-шаралары жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыруға, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қоғамды біріктіруге бағытталған.