Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ғимаратында тәртіп сақшылары облыстық полицияның тарихы мен жетістіктері, сондай-ақ заманауи техникалық жабдықтары көрсетілген көрме ұйымдастырды.
Салтанатты жиында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің құттықтау жеделхаты оқылды. Құттықтау сөзінде облыс әкімі полицейлердің қоғам тұрақтылығын сақтауға қосқан зор үлесін атап өтті.
Кәсіби мерекеге орай төрт полиция қызметкері арнаулы атақтарын алды, олардың екеуіне атақ мерзімінен бұрын берілді. Екі қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, біреуі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімі полицейлерге Құрмет грамоталар және алғыс хаттар табыс етті.
Мерекенің ерекше сәттерінің бірі – полицейлердің туыстарын марапаттау болды. Учаскелік инспектор Азат Әнуарбектің ата-анасы Айбек пен Сауле Мәкеновтер марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, Азат Әнуарбек екі апта бұрын Жамбыл ауданында 53 жастағы ауыл тұрғынын өрттен құтқарып қалған болатын.
Көпшіліктің қошеметімен Айыртау ауданы полиция бөлімінің қызметкері Серік Шәкіров және Шал ақын ауданы полиция бөлімінің қызметкері Самал Шайыновтың отбастары сахнаға төріне шақырылды – әр отбасында 6 баладан тәрбиеленуде. Сондай-ақ Қошмағамбетовтер, Шайғозовтар және Романюта полиция әулеттері де марапатталды.
Бұдан бөлек, Ғауез Нұрмұхамбетов тәртіп сақшыларына «Kia Cerato», «Chevrolet Cobalt» және «ГАЗ Соболь» жаңа автокөліктерінің кілттерін табыстады. Бұл көліктер патрульдік полиция мен кезекші бөлімдердің автопаркін толықтырады.
Салтанатты іс-шара СҚО ПД Мәдени орталығы вокалдық тобының концерттік бағдарламасымен аяқталды.