СҚО жолдарына қосымша «ақылды» бейнекамералар орнатылды

СҚО жолдарына қосымша «ақылды» бейнекамералар орнатылды

Петропавл жүргізушілері жол ережесін бұзуды автоматты түрде фото және бейне тіркеу жүйелерінің тиімділігін жақсы біледі. Мұндай жүйелер орнатылған жол айрықтарында ауыр зардаптары бар бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Апаттылықты талдау мен азаматтардың өтініштеріне сүйене отырып, полицейлер бұл жүйелерді қала маңындағы жолдарға да енгізу жұмыстарын жалғастыруда.

Бүгінде СҚО-да 67 «интеллектуалды» бейнебақылау аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. 10 маусымнан бастап қозғалыс қарқыны жоғары Қызылжар ауданының шеткі аймақтарында тағы 5 жаңа құрылғы іске қосылды. Олар «Жезқазған – Петропавл» трассасындағы Бескөл мен Бәйтерек ауылдарының негізгі кіреберістерінде, «Астана – Петропавл» жолындағы «Altiro» кафесінің маңында және «Челябі – Новосібір» трассасындағы Белое ауылының негізгі кіреберісінде орнатылған.

Бұдан бөлек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы «Көкшетау – Петропавл» автожолында Бескөл, Астраханка және Драгомировка ауылдарының маңындағы аркаларға жылдамдықты автоматты өлшеу құралдарын орнатты.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты – өңір жолдарындағы апаттар санын азайту. Биылғы жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстанда 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тауып, 256 адам жарақат алды. Полицейлер жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.