Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің аппараты мен Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Дүниежүзілік қан доноры күніне орай ұйымдастырылған акцияға қатысты. Патрульдік полиция қызметкерлері, жедел уәкілдер, арнайы жасақ сарбаздары мен учаскелік инспекторлар, басқа да қызмет өкілдері – барлығы Петропавл қаласындағы Облыстық қан орталығына ұйымдасқан түрде барып, қиын жағдайға тап болған адамдарға өмір сүру мүмкіндігі болуы үшін қан тапсырды.
Қызметкерлер тіркеуден өтіп, міндетті медициналық тексерістен соң қан тапсырды. Акция күні қан орталығының мамандары донорларға шағын сыйлықтарын да дайындап қойыпты.
Құқық қорғау саласының қызметкерлері апат, жазатайым оқиға, қылмыстың салдарымен жиі кездеседі. Сондықтан зардап шеккендерге дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетуі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Қан доноры болу – заң мен тәртіпті сақтау жолында қызмет етуді таңдаған жандар үшін азаматтық әрі адамгершілік борыш.