Солтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада интернет-алаяқтықтың үш резонансты жағдайы тіркелді, нәтижесінде қаскөйлер өңір тұрғындарының 13 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.
25 жастағы Петропавл тұрғыны 2 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды
3 маусымда Петропавл қаласының полициясына 25 жастағы тұрғын жүгінді. Алаяқтар оған WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін «Қазпошта» қызметкеріміз деп таныстырып, сәлемдеме жеткізілуін растау үшін келген SMS-кодты айтуын сұраған. Кейін олар «банк қызметкеріміз» деп, оның атына несие ресімделіп жатқанын айтып, бірнеше банктің қосымшаларын жүктеуге және онлайн несие ресімдеуге көндірген. Нәтижесінде алаяқтардың шотына 2 370 000 теңге аударылған.
Зейнеткер 4 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды
4 маусымда Айыртау ауданының полициясына Лавровка ауылының тұрғыны жүгінді. Алаяқтар оған хабарласып, өздерін электр желілері мен банк қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олар 69 жастағы әйелді алдап, SMS арқылы келген кодты айтуға, сондай-ақ «вирусқа қарсы бағдарлама» деп аталатын қосымшаны жүктеуге көндірген. Осыдан кейін телефоны бұғатталып, депозитінен 4 287 000 теңге шешіп алынған.
37 жастағы петропавлдық 6 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды.
4 маусымда облыс орталығының тұрғыны Петропавл қаласының полициясына жүгінді. Алаяқтар оған байланыс операторы мен банк қызметкеріміз деп хабарласып, SIM-карта мерзімі аяқталуға жақын екенін айтқан. Олар оны алдап, SMS-кодты айтуға мәжбүрлеп, бірнеше банктен онлайн несие ресімдеуге көндірген. Зиянның жалпы сомасы 6 457 000 теңгеден астам, бұл қаржы бөгде адамдардың атына тіркелген шоттарға аударылған.
Барлық үш жағдайда да алаяқтар келесі әдістерді қолданған:
* психологиялық қысым — қорқыныш ұялату, асықтыру, «шұғыл», «сіздің деректеріңіз бұзылып жатыр» деген сөздерді қолдану;
* беделді ұйымдардың атын пайдалану — қаскөйлер өздерін белгілі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстыру;
* техникалық айла-шарғы жасау — қосымша орнатуға және онлайн несие ресімдеуге мәжбүрлеу.
Полицейлер жүргізіп жатқан белсенді түсіндіру жұмыстары көптеген солтүстікқазақстандықтардың алаяқтардың арбауына түспеуіне көмектесуде. Жыл басынан облыста 268 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Жәбірленушілер өз ақшаларын қорғап жатырмыз деп сеніп, оны алаяқтарға өз қолымен беруде.
Полицейлер интернет-алаяқтардан қалай сақтану керектігін еске салады:
* қоңырау шалушы өзін банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да, ақша аудармаңыз;
* бөгде адамдардың нұсқауы бойынша қосымшаларды орнатпаңыз;
* банктің ресми сайты арқылы өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Телефон арқылы сізді мәжбүрлемекші болса да, несие ресімдемеңіз.
Тек хабардар болу, сын көзбен қарау және сақтық қана цифрлық алаяқтықтан сенімді қорғай алады.