9 маусым — әскери қызметшілер мен арнайы мақсаттағы бөліністер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің құрамында арнайы бөлініс бар. Арнайы жасақтар қарулы қарсылық көрсетуі мүмкін аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауға қатысады, сондай-ақ лаңкестік қауіп төнген жағдайда нысандарды тексеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Мұндай бөліністе қызмет ету — күнделікті жаттығу мен дайындықты талап етеді. Бұл орынға тек жоғары білімді, дене шынықтырудан жақсы көрсеткіш көрсеткен және спорттық жетістіктерге ие полиция қызметкерлері ғана іріктеледі.
Жарылғыш заттарды залалсыздандыратын мамандар, мергендер, шабуылдаушы топтар — барлығы да азаматтарды қылмыстық әрекеттерден қорғауға, адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алып, оны жоюға әрдайым дайын.