Полиция мәліметінше, жас жігіт Петропавлға синтетикалық есірткі заттарын тарату мақсатында келген. Сәуір айында ол құқық қорғау органдары мен ҰҚК СҚО бойынша департаменті қызметкерлерінің бірлескен іс-шарасы барысында ұсталды.
Күдікті тұрған жалдамалы пәтерден және оның айтуымен жасырылған орындардан жалпы салмағы 0,5 килограмнан асатын ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар тәркіленді. Сараптама нәтижесінде олардың құрамында синтетикалық «α-PvP» және «мефедрон» есірткілері бары анықталды. Аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде.
Бұл — биыл полицейлер тәркілеген ең ірі көлемдегі синтетикалық есірткі партиясы. Жалпы, қаңтар айынан бері облыста 139 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелді, оның 66-сы — сату фактілері. 40 килограмнан астам түрлі есірткі және психобелсенді заттар тәркіленген.