Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері отбасын өрттен аман алып қалды. Оқиға 24 мамыр күні түнгі сағат 01:20 шамасында Астраханка ауылында орын алды.
Полиция инспекторлары, полицияның аға лейтенанттары Ғабит Сабитов пен Руслан Қасымов, түнгі патруль кезінде Пушкин көшесіндегі үйдің мұржасынан шыққан жалынды байқап, дереу әрекет етті. Олар үйдің ішіндегі үш кәмелетке толмаған баланы қауіпсіз жерге шығарып, оларды көрпелерге орап, уақытша патрульдік көлікке орналастырды.
Содан кейін, полиция қызметкерлері үйдің шатырына көтеріліп, үй иесіне пештің мұржасындағы өрт ошағын сумен сөндіруге көмектесті. Белгілі болғандай, түн ортасында анасы түтіннің иісін сезіп, күйеуін оятқан. Ол су құйылған ыдыспен шатырға көтерілген кезде, полиция қызметкерлері келіп жетіп, жағдайды бақылауға алды.
Полиция қызметкерлерінің жедел және кәсіби әрекеттерінің арқасында отбасы мүшелері зардап шекпей, өрттің алдын алынды. Оқиғадан кейін, инспекторлар республикалық маңызы бар "Астана – Петропавл" автожолында патрульдік қызметін жалғастырып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын болдырмау бойынша жұмыстарын жүргізді.