Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының филиалы бірлесіп, жасөспірімдерге арналған «Жас қорғаушылар кубогы» атты мини-футбол турнирін өткізді. «Динамо» стадионында өткен бұл шараға 6–7 жастағы 40 бала ата-аналарымен бірге қатысып, сүйікті спорт түрінде өз шеберліктерін көрсетті.
Жас футболшылар өздерінің техникалық дайындықтарын, тәртіптіліктерін және таза ойын үлгісін көрсетті. Турнир барысында жоғары шеберлік, өзара құрмет және әсерлі голдар көрермендерді тәнті етті.
Жарыс нәтижесінде үшінші орынды «Отан» (жасыл жеңсіз) және «Жұлдыз» (көк) командалары бөлісті. Екінші орын «Жас сарбаз» (қызыл) командасына бұйырды. Ал «Жас Ұлан» (қызғылт сары жеңсіз) командасы турнирдің чемпиондары атанды.
Турнирдің үздік қақпашысы болып Даниил Холоша танылса, үздік шабуылшы атағын Спартак Гупало иеленді.
Жеңімпаздарға медальдар мен кубоктарды құрметті спортшылар мен полиция қызметкерлері табыстады. Сонымен қатар, балаларға тәтті сыйлықтар ұсынылды. СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин қатысушылар мен олардың ата-аналарына алғысын білдіріп, жас спортшылардың жоғары шеберлігін, командалық рухын атап өтті және балаларды келе жатқан Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.