ҚР ІІМ логотипі
ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Департамент туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
Әкімшілік полиция
09 июля 2025
СҚО-да тәртіп сақшылары жазғы лагерьде балалар үшін полицейлердің арнайы жабдықтары көрмесін ұйымдастырды

Солтүстік Қазақстандағы «Достық» жазғы лагерінде демалып жатқан балаларға құқық қорғау органдары қарулы қылмыскерлерге қарсы қолданылатын арнайы құралдарды, патрульдік автокөліктерді және заманауи полицияның басқа да техникалық құралдарын көрсетті. Ұлдар мен қыздар Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы қызметкерлерінің жабдықтарын ерекше қызығушылықпен киіп, патрульдік көліктегі дауыс зорайтқыш құрылғыны қолданып көрді. Полицейлер өз қызметі туралы айтып, жаз мезгіліндегі қауіп туралы ескертті.

Каникул кезінде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупі артады: оқушылар көшеде көп уақыт өткізеді. Сондықтан маңызды ережелерді білу қажет: жол бойында және аула ішіндегі кіреберіс жолдардың жанында ойнауға болмайды. Көше қиылысын тек арнайы белгіленген жерден өту керек, бұл кезде ұялы телефонды және құлаққапты пайдалануға болмайды. Міндетті түрде жүргізушілердің сізді өткізетіндігіне көз жеткізу қажет.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары велосипедпен жолға тек 14 жастан бастап, ал скутерді 16 жастан бастап басқаруға болатынын, әрі бұл үшін арнайы жүргізуші куәлігі болуы тиіс екенін еске салды.

Жыл басынан бері СҚО-да балалардың қатысуымен 56 ЖКО тіркелді, оның ішінде 2 бала қаза тауып, 63 бала жарақат алды. Көп жағдайда (32 ЖКО, екеуі өлімге әкелген және 38 жарақат) балалар көлік құралдарының жолаушылары болды. Полицейлер егер салонда бала болса, аса қырағылық танытуға, балаларды ұстайтын құрылғылар мен «Машинада бала» жапсырмаларын қолдануға кеңес береді.

Кадр саясаты
08 июля 2025
Солтүстік Қазақстан полицейлеріне ҚР ІІМ Басқару академиясына оқуға түсу шарттары туралы айтылды

Өткен жылдың соңында құрылған ҚР ІІМ Басқару академиясының өкілі Мәлік Мұқанов Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бөлімшелерімен кездесіп, оқуға түсу шарттары туралы айтты.

Басқару академиясы ішкі істер органдарының жоғары және орта басшылық буынының басшыларын даярлайды, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары мен басқа да білім беру қызметтерін ұсынады.

Мемлекеттік және полиция басқару саласында алғашқы жоғары білім алғысы келетіндер үшін бакалавриат бағдарламасы қолжетімді. Магистратура мен докторантураға ішкі істер органдарында кемінде бір жыл еңбек өтілі бар қызметкерлер қабылданады.

Оқу ақысыз, күндізгі және қашықтықтан оқыту форматтары қарастырылған. Тыңдаушылардың қызмет орны сақталады, бұл олардың қызметін оқумен қатар алып жүруіне мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің бастығы Мәлік Мұқанов ҚР ІІМ Басқару академиясы — бұл құқықтық тәртіп жүйесі үшін жаңа форматтағы басқарушы кадрларды даярлайтын жетекші ғылыми-білім беру орталығы екенін атап өтті.

Оқуға түсуге қатысты барлық сұрақтар бойынша +7 (7172) 57-01-29 телефоны арқылы, academy@mvd.gov.kz электронды поштасына немесе aumvd.edu.kz сайтына жүгінуге болады.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
08 июля 2025
СҚО-да бір айда есірткімен байланысты 17 құқық бұзушылық анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері өткен бір ай ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 17 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Маусымның 1-нен қазанның 30-ына дейін өңірде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Бірінші айдың қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары шамамен 2 келі есірткі затын тәркіледі, оның 250 грамы — синтетикалық есірткі.

Құрамында есірткі бар өсімдіктерді жою — жұмыстың жеке бағыты. Іс-шара барысында өңір тұрғындарына жабайы қарасораны жою қажеттігі туралы 780 ескерту тапсырмасы берілді. Бұл талаптарды орындамағаны үшін 45 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Күштік тәсілдермен қатар полицейлер Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай ауқымды профилактикалық науқан өткізді. 26 мамыр мен 26 маусым аралығында 102 іс-шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңнан астам мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

2025 жыл ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан Профилактика жылы деп жарияланды. Полицейлердің пікірінше, қылмыс деңгейін төмендету ғана емес, балаларды, жастарды, отбасыларды нашақорлық атты қауіпті дерттен қорғау тек саналы, жүйелі және түсінікті алдын алу жұмысы арқылы мүмкін.

ҚР ІІМ жүзеге асырып жатқан «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы — бұл тек қылмыстық істер мен баптар емес. Есірткімен күресте заманауи қазақстандық полиция жазалау шараларымен ғана шектелмейді, керісінше, диалогқа, сенімге, профилактика мен ашықтыққа басымдық береді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
04 июля 2025
СҚО-да жыл басынан бері есірткі сатты деген күдікпен 15 нашақор ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ұстау кезінде одан мефедрон мен α-PvP салынған 3 ірі және 2 кіші орама тәркіленді. Бұдан бөлек, тұрғылықты жерінен құрамында α-PvP бар үш «зиплок» пакет (екі грамм) табылды. Алынған «синтетикалық» заттың жалпы салмағы 227 граммды құрады.

Медициналық куәландыру оның психостимуляторлар қолданғанын көрсетті. Күдікті тыйым салынған заттарды пайдаланатынын мойындады.

СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының деректеріне сәйкес, есірткі сатты деген күдікпен ұсталғандардың жартысы – өздері есірткі қолданады. Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 29 адам ұсталды, оның 15-і есірткіге тәуелді.

Полицейлер жастарға «бір рет татып көр» дейтін таныстарынан аулақ жүру қажет екенін еске салады. Мұндай «қызығушылық» қылмыстық әрекетке әуестенуге, ұзақ уақыт бас бостандығынан айырылуға алып келуі мүмкін. Есірткі қылмысына қарсы күрес — «Заң және Тәртіп» қағидасын іске асырудағы ең өзекті бағыттардың бірі.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
03 июля 2025
СҚО-да полицейлер есірткіге қарсы күреске қосқан үлесі үшін белсенділерді марапаттады

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшелері ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен өткен республикалық кеңес отырысына қатысты. Жиын бейнеконференция байланысы режимінде өтті. Онда жартыжылдықтың қорытындылары талқыланды.

Полиция генерал-майоры Бауыржан Әленов республикалық және өңірлік деңгейдегі кеңестердің жұмысын жоғары бағалап, олардың тиімділігін атап өтті. Жарты жылдың ішінде елімізде жастар арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ондаған жарқын іс-шара өткізілді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған бейнематериалдар көптеп әзірленді. Осы орайда, СҚО полицейлерімен бірлесе түсірілген «Закладчики. Расплата» фильмі еліміздегі үздік деректі жобалардың қатарынан көрінді. Алты ай ішінде YouTube желісінде 1,5 миллионнан астам қаралым жинаған.

Бейнеконференция аяқталғаннан кейін СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев кеңестің белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табыстады. Олардың арасында №17 Ұлттық жаңғыру мектебінің директоры Ляззат Жалмұқанова да бар. Ол ұйымдастырған ауқымды флешмоб пен спорттық мереке оқушылардың есінде қалды.

Полицейлердің айтуынша, есірткіге және есірткі қылмысына қарсы тиімді қорғаныс жүйесін тек азаматтық қоғаммен тығыз өзара іс-қимыл арқылы ғана құруға болады.

Кадр саясаты
02 июля 2025
Тимирязев ауданында полиция бөлімінің кубогы үшін жасөспірімдер жарысқа түсті

Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының полиция қызметкерлері аудан әкімдігі мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызметкерлерімен бірлесіп, 2015-2016 жылы туған балалар арасында алғаш рет шағын футболдан ашық турнир ұйымдастырды. Тимирязевтік жасөспірімдерден бөлек, жарысқа Ғ. Мүсірепов, Тайынша және Қызылжар аудандарының командалары қатысты.

Тимирязев ауданындағы «Арлан» жабық хоккей кортында өткен турнир Қазақстан полициясы күніне арналды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Тілеген Әлжанов балаларды салауатты өмір салтымен қатар, белсенді азаматтық ұстанымды қолдауға шақырды.

– Сіздердің араларыңыздан ертең болашақ полицейлер, полковниктер, тіпті генералдар да шығуы мүмкін. Ең бастысы – Заң мен Тәртіпке құрметпен қарайтын патриот болыңыздар, – деді ол жас спортшыларға.

Тартысты өткен жарыста алаң иелері сенімді жеңіске жетіп, ақтық ойында 4:1 есебімен басым түсті. Екінші орынды Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның командасы иеленсе, қызылжарлықтар үздік үштікті түйіндеді. Тайынша ауданының екі ойыншысы «Үздік қақпашы» және «Ең жақсы ойыншы» номинацияларын жеңіп алды. Жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен дипломдар табысталды.

Аудандық полиция бөлімінің кубогы үшін ашық турнирді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.

 

Жергілікті полиция қызметі
02 июля 2025
Солтүстік Қазақстан облысында 19 ауыл толықтай ішімдіктен бас тартты

«Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында полицейлер ішімдіктен бас тартуды белсенді насихаттауда. Мұның артықшылықтары айқын көрінуде: ішімдік ішпейтін ауылдарда ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар жасалмайды.

Бұл «жарияланбаған челлендж» 2022 жылы Тайынша ауданының Теңдік, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное, Айыртау ауданының Бірлестік пен Қарасай батыр ауылдарынан басталған еді. Содан бері облыста ішімдікке сұраныс жоқ ауылдар саны артып, спирттік өнімдерден бас тартқандар көбейіп келеді.

Биыл Қазақстан Республикасы ІІМ-де «Полиция заң мен тәртіп күзетінде» профилактика жылы деп жарияланды, облыста Уәлиханов, Тимирязев, Аққайың, Тайынша, Есіл, Ақжар, Жамбыл, М. Жұмабаев, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов аудандарында 10-нан астам ауыл ішімдіктен бас тартты.

Жуырда, 26 маусымда, Ақжар ауданының Байтұс ауылында өткен жиында тұрғындар алкогольден бас тарту бастамасын қолдады. Осылайша, СҚО-да «ішімдіктен бас тартқан ауылдар» саны 19 елді мекенге дейін өсті.

Полицейлердің айтуынша, ішімдіксіз өмір — қылмыстың алдын алудағы және «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды факторлардың бірі.

Кадр саясаты
02 июля 2025
Полиция департаментінде жас қызметкерлерге алғашқы офицерлік погондар табысталды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде алғашқы погон табыстау рәсімі өтті. Учаскелік инспекторлар қызметі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі және қаржымен қамтамасыз ету басқармасынан үш жас қызметкеріне полиция лейтенанты шені берілді.

Бұдан бөлек, тоғыз қызметкерге полиция капитаны кезекті арнаулы шені берілді. СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы құрамындағы бөлім бастығы, ЖҚАЖ және Петропавл қ. ПБ бірінші полиция бөлімінің кезекші бөлімінің аға инспекторлары полиция майоры шеніне ие болды.

Полиция подполковнигі кезекті арнаулы шені есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетовке берілді.

СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылғазы Габдуллин мен ПД және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов офицерлерге ақ жол тілеп, Отанға адал қызмет етуді жалғастыруға шақырды.

Жергілікті полиция қызметі
30 июня 2025
СКО-да батпаққа түсіп кеткен қызды полицейлер құтқарды

29 маусым таңертең Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғыны Қарғалы аралындағы демалыс базасы маңында адасып қалған. Кейін ол жүкті құрбысына шақырылған жедел жәрдем көлігін күтіп алуға шыққанын, қатты уайымдап, қобалжығаннан жолынан жаңылып қалғанын айтып түсіндірді. Адасып кеткенін түсінген соң, полицияға қоңырау шалған.

Қоңырауды Қызылжар ауданы полиция бөлімінің кезекші қызметкері қабылдады. Петропавл қ. полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жақын маңда жүрген экипаждары бірден бойжеткен болуы мүмкін деген бағытқа қарай бағдарланды.

Орман алқабы мен Пестрое көлі жағалауын тексеру барысында полиция аға лейтенанты Бейбіт Кереев пен полиция лейтенанты Анатолий Божко көмек сұраған айқай естиді. Киімі малмандай су, тоңған қыз аралда қалып қойған. Бейбіт Кереев суға түсіп, өткел тауып, қызды қауіпсіз жерге алып шықты.

Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат аясында қауіпсіздік шараларын сақтауға, ұялы телефондарын өздерімен бірге алып жүруге шақырады. Осындай жағдайларда геолокация қосылған «102» мобильді қосымшасының пайдасы болуы мүмкін.

Көші-қон қызметі
30 июня 2025
СҚО полицейлері «ATAZAN_AZAMAT_KZ» атты ауқымды челлендж өткізді

Азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру - Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері осы мақсатта «ATAZAN_AZAMAT_KZ» атты ауқымды челленджге қатысты.

Челлендж аясында полицейлер халықты құжаттандыру бойынша атқаратын жұмыстың барлық қыр-сырын көрсетті. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов 16 жасқа толған солтүстікқазақстандық жасөспірімдерге жеке куәліктерін табыстады. Ол жастарды «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында белсенді өмірлік ұстанымды ұстануға шақырды. Осындай іс- шаралар аудандарда да өткізілді. Оған жергілікті атқарушы органдар, түрлі мемлекеттік құрылымдар мен жастар ұйымдары қатысты.

Сондай-ақ құжатын онлайн-форматта рәсімдеген Петропавл қ. тұрғыны жеке куәлігін генерал-майор Айдын Қабдұлдиновтың қолынан алды. Бұл қызмет E-gov порталының «Жеке кабинетінде» қолжетімді және ұялы телефоны бар кез келген ҚР азаматына қолжетімді.

Мүгедектігі бар азаматтарға жеке куәлік үйлеріне барып ресімделеді. Ол үшін 1414 бірыңғай call-орталығына хабарласу қажет. Челлендж аясында полицейлер 91 жастағы зейнеткерге жеке куәлік табыстау сәтін БАҚ-та жариялады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары №2 түзеу мектебіне барып, 16 жасқа толған тәрбиеленушілерге де құжаттарын табыстады.

Жыл басынан бері СҚО полицейлері жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 27 адамды анықтап, құжаттандырды. Осы жұмыстардың бірі БАҚ-та кеңінен жарияланды: СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ермек Нұсырбаев әлеуметтік бейімдеу орталығында тұратын 46 жастағы петропавлдыққа өміріндегі алғашқы жеке құжатын табыстады.

СҚО ПД қызметкерлері челлендж эстафетасын Павлодар облысындағы әріптестерінен қабылдап, оны Шығыс Қазақстан облысына жолдады.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы