Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты Патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында отыз тәулік ішінде 277 жүргізуші қарсы бағытқа шығып, жол ережесін бұзғандары анықталды.
Осы ретте тәртіп сақшылары құқықбұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігі (Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қарама-қарсы бағытқа шығу секілді жол қозғалысы ережелерін бұзу көлік құралын басқару құқығынан 6 айға айырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады.