
Жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала аумағында рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
Рейд барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, олардың көлік құралдарын жүргізуші куәлігінсіз басқаруы, автокөлік, мотоцикл, мопед және өзге де көлік құралдарын заң талаптарын бұза отырып пайдалануы, сондай-ақ жол қозғалысы қағидаларын сақтамау деректерінің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жасөспірімнің көлік тізгініне тиісті құқығы мен тәжірибесінсіз отыруы – тек заң бұзушылық емес, ең алдымен оның өзінің және айналасындағы адамдардың өміріне төнетін үлкен қауіп.
Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар кезінде жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, қоғамдық орындардағы тәртібі, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі, электрлі самокаттар мен басқа да қозғалыс құралдарын қауіпсіздік талаптарын сақтамай пайдалануы назарға алынуда.
Құрметті ата-аналар!
Балаңызға көлік құралын басқаруға рұқсат бермес бұрын оның жасына, жүргізуші куәлігінің бар-жоғына және қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беріңіз. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Баланың қайда жүргенін, кіммен жүргенін және қандай көлік құралын пайдаланып жүргенін бақылауда ұстау – ата-ананың тікелей жауапкершілігі.
Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, жасөспірімдерді қауіптен қорғау, қайғылы жағдайлардың алдын алу және олардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет.