Тұрғындардан түнгі уақыттағы отшашулар мен шуға қатысты көптеген шағымдардың түсуіне байланысты полиция қызметкерлері қала аумағында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдаланудың жолын кесуге бағытталған екі күндік рейдтік іс-шара өткізді.
Рейд барысында пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың 19 дерегі анықталды. Лицензиясыз және сақтау талаптарын бұза отырып сатылған 441 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, елді мекен аумағында түнгі уақытта отшашу атқан азамат анықталды. Ол пиротехникалық бұйымдарды арнайы белгіленбеген жерде пайдаланғаны және түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, қала бойынша жыл басынан бері пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдаланудың 44 дерегі тіркелген.
Полиция заңсыз сатылған және пайдаланылған пиротехникалық бұйымдар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Заңсыз айналымдағы өнімдер тәркіленіп, жойылады. Сондай-ақ, түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзған тұлғалар да жауапқа тартылады.
Қатты дыбысты отшашулар қарт адамдарға, балаларға, науқас жандарға және тынығуға құқығы бар барлық тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Бұдан бөлек, пиротехникалық бұйымдарды бақылаусыз пайдалану өрт шығу қаупін арттырып, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және қоғамдық тәртіпті бұзып, өзге адамдарға қолайсыздық келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.