Шымкентте қауіпті маневр жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды

Шымкентте қауіпті маневр жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды

Қала көшелерінде әсерлі көрініс көрсетпек болған екі жүргізушінің әрекеті әкімшілік қамаумен аяқталды.


Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Mercedes және ВАЗ-2107 автокөліктерінің жүргізушілері әдейі қалың түтін шығарып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіретін маневрлер жасаған бейнежазбаларды анықтады. Олар қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып қана қоймай, жолда авариялық жағдай туғызып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.


Құқық бұзушылар анықталып, полицияға жеткізілді. Тексеру барысында жүргізушілердің бірінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені белгілі болды.


Аталған фактілер бойынша құқық бұзушыларға ұсақ бұзақылық жасағаны, жол қозғалысына қауіп төндіргені және көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.


Айта кету керек, мұндай профилактикалық іс-шаралар «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаларын насихаттау және қоғамдық тәртіпті сақтау.

Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерден аулақ болуға шақырады.