Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері мен Мансап орталығының мамандары бірлесіп, ішкі істер органдарының есебінде тұрған азаматтарды, оның ішінде соттылығы алынбаған немесе өтелмеген адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Іс-шара барысында 200-ге жуық азамат жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес алып, бос жұмыс орындарымен және жұмыс берушілердің талаптарымен танысты. Мамандар оларға лайықты жұмыс орындарын таңдауға көмектесіп, жұмысқа орналасу тәртібі мен кәсіби оқыту мүмкіндіктерін түсіндірді.
Мұндай іс-шаралар есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік қолдау тұрғысынан маңызды рөл атқарып, тұрақты табыс көзін табуға, жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
«Әр адамға өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік берілуі тиіс. Жұмысқа орналасу – бұл тек табыс табу ғана емес, сонымен қатар ертеңгі күнге деген сенімділік пен өз болашағын құруға жасалған маңызды қадам», – дейді тәртіп сақшылары.
Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері қоғамда “Заң мен тәртіп” идеологиясын ілгерілетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге және оларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған шараларды одан әрі жалғастыруда.