Шымкент қаласының полиция департаментінде «Ұрпақтар сабақтастығы: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір буын міндеті» тақырыбында тағылымдық әрі тәжірибелік кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін айқындау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ ішкі істер органдарында қызметке жаңадан келген жас мамандардың бойында адалдық, жауапкершілік және кәсіби әдеп қағидаларын қалыптастыру болды.
Кездесуге ішкі істер органдарының ардагерлері, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының басшылары арнайы шақырылып, жас полиция қызметкерлері, оқу орталығының тыңдаушылары және «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты.
Жиын барысында жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау тәжірибесі және оларды болдырмау жолдары талқыланды.