Шымкентте 16 жасқа толған оқушыларға алғашқы жеке куәлік салтанатты түрде табысталды

Шымкентте 16 жасқа толған оқушыларға алғашқы жеке куәлік салтанатты түрде табысталды

Шымкент қаласы Полиция департаментінде №135 мектеп оқушыларына алғашқы жеке куәліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Іс-шараның басты кейіпкерлері – оқу мен спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген 12 оқушы болды.


Жасөспірімдерді маңызды оқиғамен департамент бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов құттықтады. Салтанатты жағдайда ол оқушыларға алғашқы құжаттарын табыстап, алға қойған мақсаттарына сенімді қадам басып, елдің лайықты азаматы болуға және қоғам алдындағы жауапкершілікті әрдайым есте сақтауға шақырды.


– Жеке куәлік алу – әрбір жас үшін ерекше есте қаларлық сәт. Бүгін сіздер ересек өмірге алғашқы қадам жасап отырсыздар. Білімдеріңіз бен жетістіктеріңіз, табысқа деген ұмтылыстарыңыз Қазақстанның болашағына қосатын үлес болады деп сенемін, – деді полиция полковнигі.
Салтанатты рәсімге оқушылардың ұстаздары да қатысып, шәкірттерінің қуанышын бірге бөлісті.


Айта кетейік, мұндай іс-шаралар жастар арасында патриоттық рухты, азаматтық жауапкершілікті және заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.