Шымкент қаласында рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды сақтау талаптарының өрескел бұзылуымен байланысты заңсыз сату фактілерін анықтады.
Екі кәсіпкер әйел пиротехникалық өнімдерді сатумен айналысқан. Алайда өнімдер қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қойма орындарында сақталған. Пиротехникалық бұйымдар белгіленген нормалар сақталмай, тиісті жағдайлар қамтамасыз етілмеген күйде орналастырылған. Бұл олардың өздігінен тұтанып кетуіне әкеліп, жарылыс қаупін тудыруы мүмкін болған.
Жалпы саны шамамен 500 дана пиротехникалық өнім тәркіленді. Олардың жалпы құны 1 200 000 теңгені құрайды.
Мұндай заң бұзушылықтар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, сондай-ақ өрт және басқа да төтенше жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Полицияның дер кезінде араласуы ықтимал ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта анықталған жайттар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Полиция пиротехникалық бұйымдарды пйдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, оларды сақтау, тасымалдау және сату кезінде белгіленген ережелерді бұзбау қажет.