Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ірі интернет-алаяқтық дерегінің алдын алып, қарт тұрғынға ұрланған қаражатын қайтаруға көмектесті.
Алаяқтар зейнеткерге телефон арқылы хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Психологиялық қысым жасап, түрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы олар әйелді құпия деректерін айтуға және белгілі бір әрекеттер жасауға көндірген. Соның салдарынан оның банктік шотынан қомақты қаржы заңсыз аударылған.
Жәбірленушінің арызына жедел әрекет еткен киберполиция қызметкерлері қажетті іс-шаралар кешенін жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақша аударылған арна дер кезінде анықталып, қаражаттың әрі қарай қолма-қол ақшаға айналдырылуына жол берілмеді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге 9 миллион теңгені қайтарып берді.
Полицейлер мұндай қылмыстардың, әсіресе, егде жастағы азаматтарға қатысты жиі кездесетінін атап өтеді. Осыған байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады: жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін ешкімге жария етпеу қажет. Күдікті қоңыраулар түскен жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз.
Шымкент қаласында киберқылмыстардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.