Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жаңа мобильді форматтағы самокаттық патрульдерді іске қосты. Бұл бастама қаладағы жаяу жүргіншілер аймақтарында, саябақтар мен тар көшелерде қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Самокатты патрульдердің басты артықшылығы — олардың жылдам әрі маневрлі болуында. Олар автокөлік кіре алмайтын аулаларға, жаяу жүргіншілер жолдарына, веложолдар мен саябақ ішіне еркін қозғалып, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ете алады. Бұл полицияның оқиға орнына тез жетуіне және қоғамдық тәртіпті тиімді бақылауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері электросамокат пайдаланушылары арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілерге басымдық беру, белгіленбеген жерлерде жүрмеу сияқты талаптар түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қолға алынған.
Самокатты патрульдер саябақтарда, жаяу жүргіншілер аймақтарында және адам көп шоғырланатын орындарда қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырады.