Бүгін мегаполисте полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтың қала тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Ашық диалог форматында ұйымдастырылған жиынға шамамен 500-ге жуық адам қатысып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында ішкі істер органдарының атқарған жұмыстары туралы ақпарат беріліп, құқық қорғау қызметінің негізгі бағыттары бойынша түсіндірмелер ұсынылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті сақтау, дүкендер мен ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын реттеу мәселелері де көтерілді. Тұрғындар өз кезегінде аулалар мен тұрғын алаптарда бейнебақылау камераларының санын арттыру, учаскелік инспекторлар штатын кеңейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Қатысушыларға заңнамадағы жаңашылдықтар, соның ішінде сталкинг, некеге мәжбүрлеу және дропперлік үшін көзделген жауапкершілік нормалары кеңінен түсіндірілді. Басым бағыттардың бірі ретінде қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділілік» қағидаты атап өтілді.
Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де қарастырылып, жеке деректердің қауіпсіздігіне мұқият қараудың маңыздылығы ерекше айтылды.
Кездесу аясында Мұхтар Қожаев тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ол полиция жұмысының тиімділігін арттыруда кері байланыстың маңызы зор екенін атап өтті.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай кездесулер халықпен сенімді диалог орнатуға мүмкіндік беріп, әрбір азамат қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне белсенді қатысатын тиімді профилактика жүйесін қалыптастырады.