Аула бақылауда: Шымкентте домкомдар мен үй иелері кооперативіне құқық бұзушылықтың алдын алудағы жаңа рөлі түсіндірілді

Аула бақылауда: Шымкентте домкомдар мен үй иелері кооперативіне құқық бұзушылықтың алдын алудағы жаңа рөлі түсіндірілді

Шымкентте құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары тек полиция күштерімен ғана емес, тұрғындардың белсенді қатысуымен де күшейтілуде. Қалалық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев үй иелерінің кооперативтері және домкомдармен кездесу өткізіп, «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа заңның негізгі қағидаларын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, тұрғын сектордағы тәртіпті қамтамасыз етуде қоғамның маңызды рөлі айқындалды.
Кездесу барысында үй иелерінің кооперативтері мен домкомдардың тұрғындар мен полиция арасындағы маңызды байланыс буынына айналатынына ерекше назар аударылды. Себебі олар аулаларда болып жатқан жағдайларды бірінші болып біліп, күмәнді немесе алаңдатарлық жайттарға жедел әрекет ете алады.
Түсіндіру жұмыстары аясында қатысушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу ұсақ жайттарға мән беруден басталатыны ескертілді. Атап айтқанда, учаскелік инспекторларға ықтимал заң бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлау маңызды. Оның ішінде тұрғын үйді белгіленген талаптарды бұза отырып жалға беру, күдікті адамдардың пайда болуы, түрлі жанжалдар, азаматтарды алдауға немесе заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға байланысты белгілер туралы ақпарат беру қажет. Құқық бұзушылыққа себеп болатын жағдайларды жою бағытындағы жұмыстардың да маңызы зор. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылардың назарына сталкинг, некеге мәжбүрлеу және дропперлік үшін жауапкершілікті енгізуге қатысты заңнамадағы өзгерістер жеткізілді. Қала тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттырудың және интернет-алаяқтықтың алдын алудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Полицейлердің айтуынша, осындай өзара іс-қимыл форматы профилактика жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл ретте әрбір тұрғын жалпы қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналады.