Шымкент қаласының полиция департаменті азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында жүйелі шаралар қабылдауда.
Жыл басынан бері қала аумағында «күлдіретін газ» атауымен танымал азот тотығын сатумен айналысқан 10 ойын-сауық орны анықталып, олардың заңсыз қызметі тоқтатылды. Барлығы 417 баллон тәркіленіп, адам ағзасына күшті әсер ететін заттар заңсыз айналымнан алынды.
Анықталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Полиция ескертеді: қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бастап күшті әсер ететін заттардың, оның ішінде азот тотығының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Қылмыстық кодекстің 301-1-бабына сәйкес, аталған әрекетті жасаған кінәлі тұлғаға бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.