Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Шымкент қаласының аумағында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар 6 адамды ұстады.
6 желтоқсан күні полициямен Toyota Camry және ВАЗ-21099 автокөліктері тоқтатылып, тексеру барысында олардан марихуана салынған төрт қап табылып, тәркіленді. Есіркі затының жалпы салмағы 35 келіні құрады. Аталған жайт бойынша есірткіні сақтап, тасымалдаған бес күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, 11 желтоқсан күні қала аумағында синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан жергілікті тұрғын ұсталды. Тексеру барысында әйелден алдын ала өткізуге дайындалған синтетикалық есірткі салынған 86 орама мен үш полиэтилен пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттардың барлығы жалпы салмағы 200 грамнан асатын мефедрон болып табылады.
Жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.