Білім – ең мықты қалқан: Полицейлер шымкенттік оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Білім – ең мықты қалқан: Полицейлер шымкенттік оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Шымкентте Ақпан батыр атындағы №10 мектепте полиция қызметкерлері 150 оқушыға арналған кең көлемді қауіпсіздік сабағын өткізді. Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға қолданыстағы заңнама туралы айтып, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.

Оқушыларға «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты әділдік, жауапкершілік және құқықтық мәдениет туралы ұғымдарды жеңіл әрі қызықты түрде жеткізетін анимациялық фильмі көрсетілді. Көрсетілімнен кейін полицейлер оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, дұрыс қабылданған шешімнің түрлі қауіп-қатерлерден сақтайтынын мысалдар арқылы түсіндірді.

Сонымен қатар, инспекторлар жол жүру қағидаларын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды. Балаларға жолды кесіп өткенде, көлік қозғалысы көп учаскелердегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану жөнінде еске салды. «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасының өткізілуіне орай, оқушыларға қауіпсіздік талаптары мен сертификатталмаған өнімдердің қауіптілігі туралы айтылды.

Сонымен бірге тәртіп сақшылары цифрлық қауіпсіздік тақырыбын қозғап, интернетте жеке деректерді қорғау, бейтаныс хабарламаларға сақтықпен қарау және күмәнді онлайн-жазбаларға жауап бермеу қажеттігін түсіндірді. Сабақ барысында буллингтің алдын алу, бір-біріне құрметпен қарау мәселелері де талқыланды.

Іс-шара соңында полицейлер оқушыларды әрдайым мұқият болып, өз қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды.