Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионында «Жас сақшы» және «Жас динамо» кадет сыныптары арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогына арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті.
Салтанатты шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 200-ден астам жас сақшылар қатысты. Турнирдің негізгі мақсаты жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық тәрбиені нығайту болып табылады.
Турнирді «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков спорттық шараның ресми ашылуымен құттықтап, жас спортшыларға қолдау көрсетті.
Шара №45 мектеп-гимназиясының оқушылары орындаған әсерлі барабан шоуымен басталды. Сондай-ақ, авиа модельдеу бойынша спортшыларымен аэрошоу қойылып, көше гимнастикасы – воркаут бойынша халықаралық турнир жүлдегерлері өнер көрсетті. Бейбітшілік пен достықтың символы ретінде көкке ақ көгершіндер ұшырылды.
Жарыстың қорытындысымен төртінші орын Түркістан облысына, үшінші орын Ақмола облысына, екінші орын Жетісу облысына бұйырып, чемпион атанған - Астана қаласының жас сақшылары.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир еліміздің болашағы саналатын жас буынға спорт арқылы тәрбие беріп, еліне деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған.