Павлодарда ұлының құқық бұзушылықтары үшін ата-анасы жазаланды

Павлодарда ұлының құқық бұзушылықтары үшін ата-анасы жазаланды

Жасөспірімді Естай көшесінде сағат 03.10-да полиция байқаған. Неліктен мұндай кеш уақытта көшеде, тіпті мас күйінде жасөспірім жүргенін ол түсіндіре алмады. Әңгімелесу кезінде ол өзін дұрыс ұстамады, полиция қызметкерлеріне қатысты дөрекі сөз сөйледі.

 - Бірінші кезекте полиция бөліміне ата-аналар шақырылды. Медициналық куәландыру жүргізілді, оған сәйкес кәмелетке толмаған адам алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесінде болды. Нәтижесінде, ұлының қоғамдық жерде мас күйінде пайда болуы, ұсақ бұзақылық жасағаны, кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуы, сондай-ақ баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар сотта қаралды. Жалпы сомасы 100 мың теңгеден астам айыппұл салынды, - деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

 Полиция бұл жасөспірімнің биылғы жылы ұсақ бұзақылық жасағаны және мас күйінде пайда болғаны үшін полицияға алып келгенін атап өтті. Содан кейін жасөспірімнің заңды өкілдері жауапқа тартылды. Профилактикалық әңгімеден кейін ата-аналар мен жасөспірімнің өзі тәртіпті түзетуге және заңнаманы бұзбауға уәде берді. Бірақ, шамасы, жас жігіт үшін бұл сабақ болған жоқ.

 Құқықтық тәртіп сақшылары ағымдағы жылы өңірде кәмелетке толмаған балаларының мас күйінде пайда болғаны үшін 82 ата-ана және 14 пен 16 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балаларының ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 39 ата-ана жазаланғанын атап өтті.