- Азаматтарға заңдастырудың шарттары мен мерзімдері туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан (2023 жылғы 1 шілдеге дейін) көптеген автомобильдер басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмағандығына байланысты заңдастырылмаған күйінде қалады.
Олардың ең көп саны Ресей Федерациясы мен Қырғызстаннан әкелінген автомобильдерге тиесілі – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Спикердің айтуынша, жария ету аяқталғаннан кейін аталған автомобильдердің иелері автосақтандыру полисін ұзарта алмайды немесе жаңаларын ресімдей алмайды және осылайша өз автомобильдерін Қазақстан жолдары бойынша пайдалана алмайды.
Осыған байланысты, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және жария етуден өтпеген автомобильдерді жария ету шарттарында көрсетілген мерзім өткеннен кейін кері әкету немесе бастапқы тіркеуден өту туралы міндеттемемен 5 жыл мерзімге уақытша есепке алу рәсімі бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Бұл ретте, Қазақстан азаматтары ҚР Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін бергені үшін мемлекеттік баждарды 2,8 АЕК – 9 660 теңге, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті - 1,25 АЕК – 4 278 теңге, тіркегені үшін алымды - 0,25 АЕК -863 теңге төлейді.
Көлік құралын тіркеу туралы куәлікте «ерекше белгілерде» шет мемлекеттің көлік құралын тіркеу туралы бұрынғы куәлігі ресімделген адамның деректері, сондай-ақ уақытша есепке алу қолданылатын күні және «ҚР-дан тыс жерлерге иеліктен шығару және шығу құқығынсыз» деген жазба көрсетіледі.
Егер Қазақстан азаматтары оларды елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаған жағдайда, олар көлік құралын тіркеу туралы куәлікті және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін тапсыруға тиіс, содан кейін оларға тіркеу құжаттары мен шет мемлекеттің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі қайтарылады.
Егер Қазақстан азаматтары кейіннен аталған автомобильдерді шет мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарса, онда олар жария ету шарттарымен Қазақстанда бастапқы есепке қойылуы мүмкін - деп түйіндейді полковник Қайыров.