
Егер адам жоғалып кетсе, ең алдымен полицияға хабарлап, «102» нөміріне қоңырау шалу және кез келген полиция бөлімшесіне арыз беру қажет.
Өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжат пен жоғалған адамның фотосуретін алып жүру қажет.
Жоғалған адамның туыстарының сауатты әрекеті оны тез әрі нәтижелі іздеуге мүмкіндік береді. Ал дұрыс емес әрекеттер қымбат уақытты жоғалтып, іздестіру жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.
Кез келген жағдай мен егжей-тегжей маңызды. Мәселен, қандай да бір аурумен ауыратын адамды іздеу мүлдем дені сау адамды іздеуден өзгеше болады. Сондай-ақ үйден қашып кеткен жасөспірімді іздеу мектептен үйіне қайтар жолда жоғалып кеткен баланы іздеумен бірдей емес.
Жоғалған адамның араласатын ортасы, олардың арасындағы қарым-қатынас сипаты, жанжал жағдайларының болуы, қарыз міндеттемелері, ақшалай қаражатты қайтармау фактілері, жылжымайтын мүлікке қатысты әрекеттері туралы ақпараттың болғаны жөн.
Жақындарыңыздың араласатын ортасын, олардың тұрғылықты жерін және телефон нөмірлерін білген маңызды.
Балаларды стандартты емес жағдайларда өзін қалай ұстау керектігіне үнемі үйретіп отырыңыздар. Бейтаныс адамдармен кездесуге тыйым салыңыздар және балаңызға бейтаныс адамның әрбір жүгінуі туралы сізге белгілі болуын қамтамасыз етіңіздер.
Азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалу фактілерінің әрқайсысы бойынша оларды іздестіруге ішкі істер органдарының барынша көп қызметкерлері, қосымша күштер, қоғам өкілдері мен волонтерлер жұмылдырылады. Іздеудегі адам туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарына да жолданады.
Полиция қызметкерлері мынадай кеңестер береді: жеке басыңызды куәландыратын құжаттарды өзіңізбен бірге алып жүріңіздер. Кейде адам ес-түссіз күйде ауруханаға түсуі немесе жадысын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның туыстарымен байланысты барынша жылдам орнатуға, ең алдымен, жеке басын куәландыратын құжаттар көмектеседі, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Туыстарыңызға, әсіресе кәмелетке толмағандарға, олардың қайда, кіммен, қандай бағытпен және қандай мақсатпен бара жатқанын не үшін үнемі білгіңіз келетінін түсіндіріңіздер. Бұл – аңду емес, олардың қауіпсіздігіне деген алаңдаушылық.
Мұндай сұрақтарды қою арқылы сіз олардың еркіндігін шектемейсіз, керісінше, жағдайды бақылауда ұстап, қандай да бір келеңсіз жағдай орын алған жағдайда оларды қай жерден іздеу керектігін білесіз.
Сондықтан әр отбасы мүшесі үйден шығар кезде қайда баратынын және шамамен қашан оралатынын өзгелерге хабарлау отбасылық әдетке айналуы тиіс.
Белсенді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде үйде міндетті түрде бір адам болғаны жөн. Себебі жоғалған адам үйіне өздігінен оралуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның іздестіру жұмыстарын тоқтату үшін полицияға дереу хабарлау қажет.