
Павлодарда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында полиция қызметкерлері Павлодар облысы бойынша Экология департаментімен бірлесіп, қалдықтарды заңсыз жинақтау фактісінің жолын кесті.
Қаланың Солтүстік өнеркәсіптік аймағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер Газель автокөлігімен шөп пен алма ағашының бұтақтарын түсіріп, рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің пайда болуына жол берген Павлодар қаласының тұрғынын анықтады.
– Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинақтап, процессуалдық шешім қабылдау үшін Павлодар облысы бойынша Экология департаментіне жолдады, – деді Павлодар облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Қүркебаев.
Полиция құрылыс және өзге де қалдықтарды тек оларды жинауға, әкетуге және кәдеге жаратуға арналған арнайы белгіленген орындарға орналастыру қажет екенін еске салады. Қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге жинақтау қоршаған ортаға зиян келтіреді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесуге бағытталған профилактикалық рейдтер мен іс-шаралар жалғасуда.