Бала көлікте ұйықтап қалған: анасы полицейлерге жедел іздестіру жұмыстары үшін алғыс білдірді

Бала көлікте ұйықтап қалған: анасы полицейлерге жедел іздестіру жұмыстары үшін алғыс білдірді

Павлодар облысының Полиция департаментіне Павлодар қаласының тұрғынынан Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғыс білдірген хат келіп түсті.
Әйелдің айтуынша, оның жеті жасар ұлы аулаға ойнауға шыққан, алайда үйіне қайтып оралмаған. Алаңдаған ана полицияға жүгінгеннен кейін, баланы іздеуге кезекші және жедел-тергеу топтарының қызметкерлері дереу жұмылдырылды.
Іздеу шараларына Солтүстік полиция бөлімінің жедел уәкілі Рустам Сатвалдин мен кезекші көмекшісі Айдар Ержанов тікелей қатысты. Үш сағаттан кейін бала аман-есен табылды.
Белгілі болғандай, ойын кезінде бала аулада тұрған ашық көлікке кіріп, шаршағаннан кейін ұйықтап қалған.
Баланың анасы Солтүстік полиция бөлімінің басшылығы мен барлық жеке құрамына жеделдігі, үйлесімді жұмысы және жағдайға мұқият қарағаны үшін шынайы алғысын білдірді.
- Солтүстік полиция бөлімінің басшылығы мен барлық жеке құрамына
ұлымды тез арада табуға көмектескендері үшін алғыс айтамын. Сіздердің жедел жұмыстарыңыздың арқасында балам қысқа мерзімде табылды. Барлық полиция қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасылық бақыт, амандық және қызметтеріңізге табыс тілеймін! - деді баланың анасы.
Полиция ата-аналарды балаларын мұқият бақылап, оларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруге шақырады. Тіпті қарапайым ойын кезінде де баланың қайда жүргенін біліп, оны қараусыз қалдырмау маңызды.