
Полиция қызметі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – әрдайым батылдық пен адамгершілікті талап ететін, қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарды құтқару үшін тәуекелге баруға дайын азаматтардың ісі.
Павлодар қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы Әділбек Сабданбеков он жылдан астам уақыт бойы қоғамдық тәртіпті күзетіп келеді. Ол қызмет жолын алғашқы күннен бастап батальонда бастап, осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес. Оның өмірлік ұстанымы қарапайым әрі айқын – заңмен өмір сүру, халқына және мемлекетіне адал қызмет ету.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы түрлі оқиғаларға толы. Бұл тек заң талаптарының сақталуын бақылау ғана емес. Күн сайын қызметкерлер жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетіп, төтенше жағдайларда азаматтарға қолдау білдіріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Қызмет үнемі жинақылықты, жеделдікті және кез келген жағдайға дайын болуды талап етеді. Әсіресе жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде полиция қызметкерлеріне тәулік уақыты мен ауа райына қарамастан жұмыс істеуге тура келеді. Осындай жоғары жүктемеге қарамастан, офицер өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып, заңдылық, әділдік және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаларын басшылыққа алады.
– Біз, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, шақыртуларға жедел әрекет етіп, оқиға орындарына алғашқылардың бірі болып жетеміз. Патрульдік полиция қызметкері үшін ең маңызды қасиеттердің бірі – стандартты емес жағдайларда тез бағдар алып, дұрыс шешім қабылдай білу. Кейде адамның өмірі осыған байланысты болуы мүмкін. Биыл маусым айында демалыста болған кезімде Баянауылдағы ата-анама барып, шұғыл көмек қажет деген хабар алдым. Бірден оқиға орнына аттандым. Сол жерде көлдің су айдынында ер адамның бетімен төмен қарап, ес-түссіз жатқанын көрдім. Жағдайды лезде бағалап, әріптестеріммен бірге оны жағаға алып шықтық та, жүрек-өкпе реанимациясын жасауға кірістік. Жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс алдыруды үздіксіз жүргіздік. Уақытылы жасалған әрекеттеріміздің арқасында зардап шегушінің өмірлік маңызды функцияларын қалпына келтіріп, іс жүзінде оның өмірін сақтап қалдық, – дейді Әділбек.
Бүгінде ол өз тәжірибесін жас қызметкерлермен бөлісіп, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне көмектесіп, жоғары қызметтік мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Ол үшін полициядағы қызмет – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Ол – Антына адал, құқықтық тәртіпті қорғап, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген нағыз тәртіп сақшысы.
Қызметтен тыс уақытта Әділбек отбасына көңіл бөледі. Жұбайы Әсем туралы ерекше жылылықпен айтады. Көптеген ер азаматтар секілді, ол әйел бойындағы даналық пен адамгершілікті жоғары бағалайды. Жұбайы байланыс орталығында оператор болып жұмыс істейді. Ал отбасында ол – сенімді серігі әрі сүйікті жары.
Офицердің қызметтік жетістіктері де аз емес. Оның қоржынында Полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігі басшылығының көптеген алғыс хаттары мен грамоталары бар.
Жарығы мен қарбаласы қатар өрілген динамикалық қалада патрульдік полиция қызметі әрдайым алдыңғы шепте. Қылмыс, жанжал, бұзақылық, жол-көлік оқиғасы, өрт, жазатайым жағдай немесе тексеруді қажет ететін түсініксіз оқиға болсын – өңір тұрғындары ең алдымен патрульдік полиция қызметкерлерінен көмек күтеді. Күн сайын күрделі әрі аса қажетті қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларына азаматтар алғысын білдіріп жатады.